| ОПАСЫЗ ӨЛІМ: оның артында не тұр? 2007 жылдың 12 айы ішінде облыстық Ішкі істер департаментінде “есірткіні шамадан тыс пайдаланды” деген диагнозбен 50 адамның қайтыс болғандығы туралы дерек тіркелді. Олардың орташа жасы 25-40 жасты құрайды. Сонымен 2007 жылды артқа тастадық. Не ұттық, неден ұтылдық? Неге қол жеткізе алмадық? Ең өкініштісі- нашақорлық атты індет 50 адамның басын жалмады. Біздің еліміз бен мемлекетімізге нағыз орда бұзар жастарында үлес қосар жас қыздарымыз бен жігіттеріміз жалындаған өмірден арсыз өлімді таңдапты. Онда да оларды бұл жолға итермелеген: есірткі деген тажал алдындағы әлсіздіктері, тұрлаусыздықтары мен құмарлықтарына құрық сала алмаулықтары...Шамадан тыс пайдаланылған есірткі опасыз өлімге апарып соқты. Жалпы есірткі дегеніміз ол өлімге тікелей апаратын қақпа екенін нашақорлар түсінсе де мойынсына қоймайды. Жалған сезімге елітіп, елес кешкендерін қанағат тұтып жатады. Есірткі кеселіне ұшыраған жандарды енді шынайы өмірге қайтару екіталай. Өйткені маман-дәрігерлердің өзі нашақорлықтан емделіп, адам қатарына қосылған бұрынғы нашақор туралы тұщытымды жауап бере алмайды. Есірткіге құмартқан жан қайғының қара дәнін себуші.Оның дәмін татқан жан “өлімді” құшқанымен қоймай, туған-туысына ауырлық әкеледі. Ал, «ауыр» есірткіге құмартқан жандардың да тағдыры белгілі: «екі жылдан кейін –мүгедек күй кешіп, бес жылдан соң – өлі мүрде болмақ. Уыты аз, қоспадан тұратын есірткіге елітушілерді бірнеше жылға созылған ,сонысымен де азапты рухани-дене құлдырауы күтіп тұр. Осының кебін киген нашақор өмір сүріп, тыныстап, жер басып,жүріп жүрсе де, ол өлген адамға ұқсайды.Себебі оның махаббатқа,достыққа,ар-ұят пен сенімге деген сезімдері әлдеқашан өледі.Ол өзінің туысқандары мен жақындарына күйзеліс пен қайғы әкелегеннен басқа ешнәрсе бере алмайды.Нашақор жанары әйнектей суық, оның көздерінде жарық жоқ.Есірткі құмарына түскендерге кезекті алар “дозадан” басқа ешнәрсе бағалы емес. Олар өте бейғам. Оны рухани бағытта ешнәрсе де қызықтырмайды. Олардың – бас иіп, табынары - тек есірткі,олар кезекті «дозаны» алу үшін есірткі сатушыларының аяқтарын жалап, ең жиіркенішті істерге баруға ешқашан да аянбайды. Нашақорлық– қымбат бағаланатын кесел: оны қанағаттандыру үшін нашақор сатқындық пен қылмысқа баруға әзір: ұрлаудан, тонаудан, адам өлтіруден еш жиіркенбейді – бар есіл-дерті айызын қандыру. “Нашақор” термині гректің “narko”- мелшиіп қатып қалу, “maniа”-есалаңдық деген ұғымды білдіреді.Осыдан –ақ, жастарымыздың есалалаңдыққа өз еріктерімен бой алдырып отырғанын көруге болады.Бұл есалаңдыққа салынудың басқа кеселдерден айырмашылығы: аурудың тұқымқуалаушылықтан немесе сыртқы әсер салдарынан болған дерт еместігі, нашақордың өз ерік-жігерімен есалаң болуы алаңдатады.Кейде кейбір қылмыстық топтарда “инеге отырғызу” күштеп жасалынады. Нашақорлық деп аталатын батпақ-сорға батқан жанның одан қайтіп шығып-шықпауы неғайбыл.Кейбір нашақор “менің ерік-жігерім мол. Қалаған кезде құтыла аламын”-деп өз-өзін жұбатады.Шындығына келгендетән мен жан ауруы біріккен кезде ешбір адам шыдай алмас. Мұны кәнігі нашақорлардың өздері мойындайды. Олай болмаса олар баяғыда –ақ, есірткіден бас тартар еді ғой. Мәселен героиннің үш дозасы үлкен адамға, бар болғаны біреуі жасөспірімге есірткіге деген құмарлықты үдетуге ықпал ететіндей жеткілікті. Емделуші нашақордың ақыл-есі мен еркінің жігерлі болуы керек. Есін есірткі еліткен нашақорда бұл қасиет қайдан болсын.Осыдан – ақ, түсінуге болады емес пе? «Нашақорлықты емдеу азапқа түсіреді, одан адамдар қатты қиналады; бәрі жақсы деп ойлаған кезде олар қайтадан инеге отырады»- дейді нарколог дәрігерлер. «Үміт соңынан өледі » дейді ғой.Әрине,емделу қажет, әрбір көргенді жан “нашақорлық шыңырауына” құлаған өзінің жақындарына көмек қолдарын созады, оны құтқаруға ұмытылады, оны қалыпты дами өмірге алып келеміз деп ойлайды әрі бұған нық сенеді.Шынынанда адамды құтқарудан асқан асыл қадам болмас. Бұл ұлы іс. Нашақордың ерік-жігерін күтпей,мәжбүрлеп емдесеңде емдеу керек.Алайда бұндай орындар некен-саяқ.Ақтөбе облысында бар болғаны 1 ғана наркологиялық диспансер бар.Ал есірткіге тәуелді жандарды емдеуде де жағдайы да сын көтермейді. Қазіргі кезде Арнайы емдеу мекемесінде (140 орны бар) еріксіз емдетуде 135 ауру болса,оның 10-ы «нашақорлық» диагнозымен жатыр.Бұл мекемеде нашақорлар шын мәнінде талап деңгейіндегідей ем алмайды, олардың емдеу сатыларынан өтпейді.Өткен жылы 20 нашақор емделіп, сот белгілеген емдеу курсынан өтті. Негізінен еріксіз емдеу мерзімі жарты жылдан 1 жылға дейін уақытқа тағайындалады. Денсаулық сақтау органдарына нашақорлықтан емдеу мәселесінде бірқырындылықтан шығып, оларға жан-жақтылық қажет сияқты.Өйткені стационарлық емдеу курсынан «емделген» нашақор қайтадан есірткіге емексіп тұрады. Есірткіге тәуелді жандарға қамқор қолын созатын Орталықты ашудың қажеттілігі туды. Біздің облысымызда нашақорларды ақтау орталығын ашудың кезі келді.Өйткені қазіргі кезде бұндай Орталық тек Павлодар қаласында , ал еліміздегі батыс аймақта Ақтөбе тоғыз жолдың торабы болғандықтан, оған Ақтау,Атырау,Орал қалаларының осы кеселге душар болған жандар келіп емделсе, олардың қаржы жағынан да ұтары мол болмақ. Орталықты ашу қыруар қаржыны қажет етеді. Бұл бағыт қолдаушыларға тапшы. Оқу орындарында есірткінің зияндығын насихаттайтын безендіру құралдарының жоқтың қасы.Мемлекеттік тілде мүлде жоқ. Нашақорлыққа қарсы сабақтан тыс, мектептен, жоғары оқу орындарынан тыс үгіт-насихат жұмыстары тек акция кезінде қолға алынады. Ал оқу жоспарларында бұл іс-шаралардың кездеспейтіні бұл бағыттағы жұмыстың солқылдақтығын көрсетіп отыр емес пе? Есірткі саудасы – нағыз зұлмат. Онымен күресті пирамиданың барлық баспалдағында жүргізу керек. Иә, әрбір адам дүниеге мейірімділік, тазалық, шындық үшін дүниеге келеді. Ал, есірткі, арақ, темекі оны тек жамандыққа итермелейді. Адамға ерік-жігерді мейірімділікке жұмсауға берген.Барлық адам тек тазалыққа, салауаттылыққа ұмтылса, әрине, есірткілік есалаңдылық үстінен салтанат құрамыз, оны таптаймыз. Жек тұлға мен адам тағдырымен ешкім де ойнай алмайды. Есірткі тек қана жамандыққа, адамның құлдырауына, оның адам қалпынан айырылуына итермелейді.Алайда осындай қағиданы үнемі бүгінгі жас ұрпақ есіне салу біздің басты міндетіміз.Зор сенім білдірген жеткіншектеріміз ешқашан да ата-аналары мен мектеп ұжымының басын төмен қаратпай, ата-ана, қоғамның үкілі үмітін сөндірмей, арман биігінен көріне білсе,біздің мақсатымыз орындалғаны емес пе? Нашақорлықтың алдын-алу, бүгінгі жас жеткіншектеріміздің осындай зұлматқа әуес болмауына,есірткі заттарына елітпеулеріне Сіз бен біз аса жауаптымыз. Адамзаттың ақыл-ойы кемеліне келген заманда үміт еткен жастарымыздың техниканың ең үздік жетістіктерін игеріп, бойларын кернеген күш-жігерлерін келелі істерді жүзеге асыруға жұмылдыру орнына олардың қылмыс жасауға, нашақорлыққа бой алдырулары аса алаңдатушылық туғызып отыр. Жас жеткіншектердің салауатты өмір салтын ұстанып, Қазақстанның болашағы болар азамат болу тек қана өз қолдарында. Дей тұрғанмен оларды бұралаң жолға түсуден сақтандыру ең маңызды қадам.Осы бағытта тек ішкі істер органдарының қызметкерлері ғана емес, оған барлық қоғамдастықтар көмекке келуі қажет. Иә, келешек ұрпақ болашағының лайланбауы жолында қызмет атқару кім-кімге болса да лайықты қадам екенін ұмытпалық. Ең басты ұтқанымыз.- нашақорлықтың белең алмауы үшін есірткінің алдын-алу жұмыстарын кең көлемде, тұрақты әрі жас ұрпақ жүрегіне жол табарлықтай етіп жүргізу болмақ. Біздің басты мақсатымыз- нашақорлық атты зұлматпен ымырасыз күресу. Ақтөбе облысының ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері нашақорлық дертінің құлаш жаймауы жолында бел шешпестен қызмет атқарып келеді. Ең бастысы-ол жастар мен жасөспірімдерді шарпымау. Осы мақсатта Ақтөбе қаласындағы мектептер мен арнайы орта және жоғары оқу орындарында “Есірткісіз өмір”, “Жастар есірткіге қарсы” атты тақырыптарда акциялар, дәрістер өткізіліп, облысымыздағы денсаулықсақтау, білім беру және мәдениет басқармаларының өкілдерімен, “Нұр Отан” Халықтық демократиялық партиясының “Жас Отан” жастар қанатының белді мүшелерінің және облыстық, қалалық әкімшіліктегі ішкі саясат бөлімдерінің қолдауымен қомақты жұмыстар атқарылды. Жыл бойы 398 іс-шара өткізілсе, оның 143-і денсаулықсақтау, білім беру органдарының үлесінде. Нашақорлықтың алдын алу бағытындағы өткізілген іс-шараға 15908 жасөспірімдер мен жастар қатысқан. Қаламызда есірткінің зияндығын жарнамалайтын 8 баннер дайындалып, қала көшелеріне орналастырылды. Жалпы жарнама адам психологиясына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір мекеме, өндіріс орындары есірткінің зияндығын жасұрпақ жүрегіне жеткізерліктей түрде жарнама дайындап, қала көшелеріне орналастырса, әрбір мектептер мен оқу орындарының ғимараттары алдында осындай игілікті жұмыстар қолға алынса, әрине, “нұр үстіне нұр болары” хақ. Телеэкрандар мен көптиражды газеттер беттерінде, қала көшелерінде есірткінің зияндығын көрсететін жарнамалар жүрегіңді жылатуы тиіс. Сонымен қатар, ең өзекті жайт- қаламыздағы БАҚ беттерінде: телерадио, газет беттерінде есірткінің зияндығын насихаттайтын жарнаманың жоқтығы. Есесіне, қай газетті ашпа, теледидарды қос па ,көретінің арақ-шарап, техника жабдықтарын насихаттау, жарнамалау. Қоғамымызда есірткінің дендеп енуіне күш салып жатқан бір сүйкімсіз қоғам өкілдері - есірткі таратушылар.Ал есірткі сатушыларды , наркодиллерлерді адами қасиеттерге шақыру дегенің текке айтылған есіл сөз. Бұл адамдардың «ар-ұяттары күйіп» кеткен деуге болады.Ал,олардың өз бастары уланған «тауарларына» қол тигізбей, «салауатты өмір салтын ұстанып» байлықтың ортасында қамсыз күй кешеді.Бірнеше мыңдаған адамдар тағдырын өздерінің зұлмат “бизнесімен” құртқаны оларды бейғам қалыпта қалдырады. Осыншама байлықтың адамдардың тек “көз жасынан” құралғанына жандарын әсте ауыртпайды да.Тек ақша болса болғаны. Соған пісіп, күмпиеді.2007 жылдың 12 айы ішінде Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері------ “есірткі таратушыны” құрықтап, -------“ есірткі сату ” нүктесін жойды. Неліктен адам өз еркімен сірке қышқылын “ішіп”, жұқпалы ауру жұқтырғысы келмейді.Ал өлімге итермелейтін нашақорлыққа адамдар неге көптеп тартылады? Өйткені бұған адамдарды алдап,арбап, есірткінің дәрежесін көтеріп қастарына тартады.Аталмыш мерзімде ------ “нашақорлар ордасы” анықталып, әшкере болды. Есірткімен күресті тек құқыққорғау органдарының күшімен жеңу мүмкін емес.Жасөспірім қыздар мен балаң жігіттерді ақылсыздық пен өлімге итермелеуші есірткі таратушылардың қылығы халықтың ашу-ызасын туғызуы тиіс. Апат тек жақын туыстарыңды шарпыған кезде бас көтеруге болмайды, әркімнің азаматтық парызы- өлім себуші удың жолдары мен ошағын жою мен оны табуға бірлесе күресу керек. Ал, жастардың тәрбиесімен тікелей айналысатын мектеп, жоғары және арнайы орта оқу орындарының тарапынан болған бейқамдық – есірткі уын себушілердің күнәсімен тең. Үйлердің қанаттарында табылатын нашақорлар шприцтарына былайғы жұртшылық “бұлардың арасында менің жақыным жоқ. Не болса о болсын” деп ойлап, шприцті көрсе де көрмегендей болады.Ал олар үй қанатына жиналып қалған жастарға ескерту жасап, бұл туралы олардың ата-аналарына, үй басқармасына айтып, “сілкініс” жасаса бұл да ешбір жанды бей-жай қалдырмас. Есірткі қолданушының шынайы беті-пердесі ашық көрінуі керек : ащы да болса шындық ... Мұны өз көздерімен көрген әр ата-ана шындап ойланады.Ал,баланың түйсігіне кіреді.Әрбір жасөспірім оған біреудің “есірткінің дәмін татуды ”ұсынған кезде бұдан ол “даңқты” көрмей, оны “лас” аурумен жұқтыруға тырысып жатқандарын , оны тіршіліктің бар қызығынан айыруға тырысып жатқандарын жан-жүрегімен түсінуі керек. Ол өлім себуші қызықтырудан басын алып қашуы тиіс. Тағы да бір күрмеуі шешілмей жатқан жайт- ол мектептер мен басқа да оқу орындарында есірткі қолдануды анықтау үшін жүргізілетін тест-бақылаудың қолданудағы өресінің тарлығы. 2006 жылдың 12 айы ішінде облыстық наркологиялық диспансері мектеп және арнайы оқу орындарының аудандардағы 3700 оқушысын тест-жапырақшаларымен есірткі қолдануды анықтауға тексерген екен. Тексеру барысында есірткілік зат қолданатын 18 адам анықталған. Негізінен шетелдерде бұл іс-тәжірибе кеңінен қолданылып келеді. Ал біздің жағдайда “тест-бақылауға” байбалам салатындар- ең алдымен ата-ана. Қай ата-ана баласын жаман болсын дейді, сондықтан өз баласының болашағына ерте бастан қам жасау еш уақытта артық етпес дейміз. “Қолың сынса, жең ішінде” дегендей, бұл жабулы күйінде қалатын жайт емес, оның артында бала тағдыры, оның болашағы тұрғанын жүрегінде жылуы бар әр ата-ана дұрыс түсінуі тиіс. Бұл жағдаймен құзырлы денсаулық, білім т.б. орындар айналысып, оның тиімді жолын қарастырса нашақорлық мәселесінің бір түйіні шешілер ме еді деген үміт қыламыз. Сонымен қатар барлық мектептерде құқықтық сауаттандыру жұмыстарының тыңғылықты жүргізілуін білім беру органдарының нақты қолға алатын кезі туған сияқты. Себебі, балалардың «қылмыс жасау» мағынасын егжей-тегжейлі түсіне алмаулары себепті олардың шектен шығып кетулеріне апаратыны кім-кімге де болсын ұғынықты. Мектеп бағдарламаларына міндетті тұрде енгізілген құқықтану сабақтарына құқыққорғау орындарының практикалық қызметкерлерін сабақ өткізуге енгізсе оң нәтижесін береді деп ойлаймыз. Иә, Жаңа жыл бізден тың күш, жаңа бастама, бірігуді талап етеді. “Көп түкірсе көл”- дейді ғой қазағым. Лаура Забихова. Ақтөбе қаласы.
|