| Үкімет деңгейінде қаралып жатырған жасөспірімдерді міндетті түрде тестілеу мәселесі дүйім жұртты алаңдатып отыр. Олардың бірі міндетті тестілеуге қарсылық білдірсе, екіншісі қуана-қуана қолдап отыр. Бейтарап қалушылар да жоқ емес. Бибігүл апай, зейнеткер: -Айналайын, нашақорлар дейсің бе? Біздің заманымызда ондайлар болған жоқ. Қазір үй қанаттарында қан-қан шприцтер жатады ғой. Соларды жастары 16-17 шамасындағы жас жігіттер мен қыздар қалдырып кетеді әйтеуір. Басында бұл не деп зәре-құтым қалмаған, сөйтсе, нашақорлар дегендер осылар екен ғой. Үкімет тарапынан бұл бағытта жұмыс қолға алынса, әрине жақсы ғой. Жастардың болашағына алаңдаймын. Ертең олардан қандай отбасы шығады? Гүлжанат, қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Ерте сатыда есірткіні тұтынуды анықтау меніңше дұрыс. Қандай ауру болса да оның алдын алу керек қой.Дегенмен, не болса да “сынған қол жең ішінде ” дегендей, “жаманымызды жасырып, жақсымызды асыратын” халықпыз ғой. Сондықтан қарсы шығушылар көп болады. Сәуле Мұқтарқызы: нарколог-дәрігер. Мен дәрігер-нарколог ретінде айтарым: Есірткі тұтынушыларды ерте сатыда анықтау психикалық түзету шараларын қабылдауға, есірткі заттарын пайдалану нәтижесінде нашақорлықпен ауратын адамдардың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.Нашақорлық –қауіпті жау. Нашақор тұтынушыны ауру деп қарау керек. Ал ауруды асқындырмай емдеу керек. Науша Өтегенқызы: Мен тестілеуге қарсымын. Мен өз баламды өте жақсы білемін. Ол нашақор емес. Тестілеу деген баланың құқығын бұзу деген сөз. Оған жасалған тест теріс нәтижесін берсе, ол мектепте қалай оқуын жалғастырады. Ертең бәрі оған саусағын шошайтып, “нашақор” дейді. Маған бұл керек пе? Асхат, жедел уәкіл:Мен жасөспірімдерді есірткіні қолдануға байланысты тексеруіне қарсы емеспін. Бұл туралы ешкім адам құқығына қол салды деп кінәлауға болмайды. Ал нашақорлық- бұл ауру. “Ауруды неғұрлым ерте анықтасаң, соғұрлым емдеу жеңіл” емес пе? Есірткіні тұтынушы ерте ме кеш пе есірткіні шамадан тыс пайдаланып, опат болады. Бұл қай ата-анаға қажет.Тестілеу нашақорлық жағдайды анықтауға, онымен күресудің алдын алу жұмыстарының түрлері мен әдістерін дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.Тестілеу құпия дәрігерлік бақылауда өткізіледі. Иә, әркім әр түрлі пікірде. Жалпы тестілеудің құпия түрде өткізілетіндігіне орай, одан қашқақтаудың қажеті жоқ сияқты. Бастысы бұл құпияның заңмен қорғалуы. Нашақорлық сияқты зұлымдықпен күресу жолында өз елінің тұтастығын, тұрғындарының салауаттылығын ойлайтын көзі қарақты әр азамат өз үлесін қосуға тиіс. “Ұрының арты қуыс” демекші, сен өз-өзіңе сенімді болсаң неден сезіктенесің? Лаура Забихова Ақтөбе
|