| Есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті Жаңа жыл басталмай жатып Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Аталмыш топты ұйымдастырушы 41 жастағы әйел екен. Ол азаматша бұрын еліміздің оңтүстік аумағында тұрған көрінеді. Қылмыстық топ құрамына 70 жастағы кемпір мен оның 45 жастағы қызын қосып, ірі көлемде героин есірткісін сату үшін қылмыстық топ құрыпты. Ақтөбе облысының ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері осы «үштіктің» іс әрекеттерінен көз жазбай, біраз уақыт бойы іздерін кескен. Полицейлердің қырағы жұмыстар нәтижесінде қоғамға қатерлі ұйым қылмысы әшкере болды. Олардан жалпы көлемі 196 грамм құрайтын героин есірткісі тәркіленді. Топ ұйымдастырушысы болған әйелден табылған бұл ірі көлемдегі есірткі оның ауласында құтыға салынып көмілген жерінен табылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ облысымыздың аумағында ірі көлемде есірткі сатумен айналысып келген. Топ ұйымдастырушысы ірі көлемде героин есірткісін өзі құрған қылмыстық топқа тасымалдап әкеліп, оны тарату үшін зейнеткер кейуана мен оның қызын жалдапты. Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық кодексінің 259 бабына орай топ ұйымдастырушысына қылмыстық топ құрғаны әрі оған басшылық жасағаны үшін 235-ші арнайы бап тағылып, айып тағылды. Ұйымдастырушы мен топ мүшелеріне бас бостандықтарынан 15 жылдан өмір бойы айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Ақтөбе облысның ІІД есірткінің заңсыз айналымына байланысты 284 қылмыс тіркелсе, оның 179 дерегі есірткі сату болып отыр. 2 нашақорлардың ордасы жойылған. Мәди ҚУАНЫШҰЛЫ, Ақтөбе
|