| “СПОРТТЫ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН ЖЕДЕЛ УӘКІЛ ” Бүгін Ақтөбе облысының ІІД қарасты “Динамо” спорт залы халыққа лық толған. Әр жерден “жаса Мұса”, “Жарайсың” деген дауыстар естіліп, самбо күресінің өнерін тамашалаған жұртқа қанат біткендей, желігіп қояды. Ортада жайылған кілемде екі жігіт самбо күресінен жарысқа түскен.Әдеміше келген жас жігіт денелерінің бұлшық еттері бұлтыңдап, жеңіл қимылдап, ептілікпен қарсыласын тұралатып, арқадан асыра лақтырып,оның жамбасын жерге тигізген кезде жиналған жұрттың қошемет көрсеткен дауысы залды жаңғыртты. “Ауған соғысының 15 жылдық мерей тойына” орай Ақтөбе облысының Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен самбо күресінен жарыста Ақтөбе облысының ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі полиция кіші лейтенанты Мұса Сарсенғалиұлы Абдрахманов асқан шеберлік көрсетіп, мәрелі 1 орынды жеңіп, өзі қызмет етіп жатқан қызметтің абыройын аспанға бір шығарды. Ата-анасынан қапыда айрылған Мұса өмірдің ащы-тұщысын ерте сезініп өсті. Ағаларының қамқорлығы оны әрқашанда алға жетелейтін. Содан да болар жас өрімтал он жасынан бастап спорт әлеміне бас қойған. Алғаш Ақтөбе қаласындағы “Юность” спорт мектебіне барған кезде жаттықтырушысы Орынбасар Жолмағамбетов жас баланың ұшқын атқан көздеріне қарап, басынан сипап “Балақан, түбінде сенен жақсы спортшы шығады” деген. Көзі қарақты ұстаз қателеспепті. Мұса бірнеше дүркін жасөспірімдер арасында самбо спортынан, дзю-до спортынан облыс чемпионы атағын иеленді. Қарағандыда өткен жастар арасындағы республикалық жарыста 3 орынды жеңіп алды. Ішкі істер органы қызметкерлері арасында өткен жарыстарда да алдына жан салмай, жүлделі 1 орынды иеленіп келеді. Соның айғағы соңғы жарыс-“Ауған соғысының 15 жылдық мерей тойына” орай Ақтөбе облысының Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен самбо күресінен жарыста да Мұса Абдрахмановтың мерейі үстем болды. Мұса Абдрахманов Ішкі істер органдарына 2004 жылы келді. Алғаш сақшылық қызметті ІІО ең жауапты Ақтөбе облыстық ІІД жедел қимылдайтын арнайы отряды сапында қызметін бастаған ол, өзіне жүктелер тапсырманы дұрыс ұғынып, сенімнен шығуға тырысты. Бұл қызметтің өзіне тән қиындығы бар.Негізінен ауыр қылмыс жасап қашып жүрген қылмыскерлерді, ұйымдасқан қылмыстық тап мүшелерін құрықтау сынды аса жауапкершілік жүктейтін қызмет болған соң ол аса сақтықты, қырағылықты қажет етеді. Содан да болар жас қызметкер тәлімгер қызметкерлерден тапсырылар тапсырманың барлық қыр-сырын үйреніп, жинақтаған тәлім-тәрбиесін қажет жағдайда қолданып отырды.Бұл оның ішкі істер органдарындағы аса ауыр қызмет-жедел қызметке келуіне баспалдақ болды. 2008 жылдың күзінен бастап Ақтөбе облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына келіп, осы қызметте алғашқы офицерлік атақ-полиция кіші лейтенантын иығына ілген жас маман Мұса Абдрахманов жедел уәкіл қызметіне кіріскен болатын. Ұжымға келген жас маманды тәжірибелі, сауатты басшы полиция подполковнигі Қайрат Вячеславұлы Нұрғалиев өз қанатына алып, жас маманға жедел қызметтің құпиясын үйретуден жалықпай келеді. “Жедел уәкілдің басты қаруы эмоция емес, заң тілі болуы керек. Қылмыстық Кодексті, Қылмыстық іс жүргізу Кодекстерін тайға таңба басқандай білетін жан ешқашанда құқық бұзбайды” деген тәлімгер басшының сөзін есіне ұдайы сақтаған жас қызметкер Қазақстан республикасының заңдарын оқып-үйреніп, оны қызмет бабында бұлжытпай орындап келеді. Полиция кіші лейтенанты Мұса Абдрахмановтың қатысуымен бірнеше есірткі қылмыстарының беті ашылды. Соның бірі бірнеше жыл бойы есірткі сатумен айналысқан А. атты есірткі сатушының құрықталуы. Ол 2 грамм героин есірткісін сату сәтінде қолға түскен болатын. Бұл Мұса сынды қарапайым қызметкерлердің арқасында қол жеткен жетістік. “Есірткі қауіпті жау”. Қоғамымызды жегі құрттай кеміріп отырған осы зұлматпен күресу де асқан қырағылықты қажет етеді. Өмірінде спортты серік етіп, салауаттық өмір салтын ұстанып жүрген Мұса сынды жігіттер осы кеселмен күресте жігерлілік танытса ертеңіміз болашағына алаңдау аз да болса сейіліп, сеніміміз нығая түседі деген ойға бекініп, жарқын болашаққа нық адымдаймыз деп пайымдауға болады дейміз ендеше. Лаура Забихова Ақтөбе
|